Қазақстан • 05 Сәуір, 2020

«AZALA Textile» тоқыма комбинатында жылына 2,5 млн-нан астам төсек-орын жабдығы шығарылады

900 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«AZALA Textile» тоқыма комбинатында тәулігіне 5 мың төсек-орын жабдығы шығарылады. Осылайша, фабрика жылына 2,5 млн-нан астам төсек жабдықтарын, сондай-ақ, 7 млн данадан астам түкті бұйым шығара алады деп хабарлайды ИИДМ баспасөз қызметі.

«AZALA Textile» тоқыма комбинатында жылына 2,5 млн-нан астам төсек-орын жабдығы шығарылады

Бүгінгі таңда «AZALA Textile» компаниясы - мақта талшығын өңдеуден бастап, дайын бұйымдарды тігумен айналысатын, яғни өндірістің толық циклін жүргізетін еліміздегі жалғыз кәсіпорын. Мысалы, аршылмаған мақтаны өңдеудің өндірістік қуаты жылына 60 мың тоннаны құрайды. Ал мақта талшығын шығарудың жылдық көрсеткіші 19 700 тонна.

Компанияның жіп иіру цехы швейцариялық RieterAG фирмасының жабдығымен жабдықталған. Ол иірімжіп өндіру бойынша машина жабдықтарын жобалау және өндіру саласында әлемдік көшбасшы саналады. Мұнда жылына 6800 тонна иірімжіп өндіріледі.

Сондай-ақ «AZALA Textile» тоқыма өндірісі мақта-мата киім маталарын - бөз, миткаль, ені 155-ден 320 см-ге дейінгі атлас, киетін-твилл, дрилл, ені 160 см жартылай панама және орамал түкті, вафельді топтарды дайындайды. Мұнда жылына 35 млн шаршы метр мата өндіріледі. Айта кету керек, барлық құрылғы компьютерлік бақылау және жұмыстың белгіленген параметрлерін реттеу жүйелерімен жабдықталған. Осылайша, барлық технологиялық процестің тұрақтылығы сақталуда.

«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында 2014-2015 жылдары комбинаттың өндірістік қуаты кеңейтілді. Бояу-өңдеу және тігін цехтары іске қосылды. Бояу-өңдеу бағытында бояу процесі екі түрлі жүргізіледі: тегіс (матаны белгілі бір түске бояу), сондай-ақ баспада, яғни матаға сурет түрінде бояу жағу. Цехта қоспалы және мақта-мата маталарды, соның ішінде түкті матаны әрлеуге арналған жоғары технологиялық еуропалық жабдық қолданылады.

Бүгінде «AZALA Textile» ЖШС комбинаты өнімнің кең ассортиментін шығарады. Бұл - дайын өңделген маталар, түкті және вафельді сүлгілер мен ақжаймалар, төсек-орын жабдығы, жастық пен көрпе тыстары, балалар тоқымасы, сондай-ақ қатты иірімжіп (100% мақта), қатты маталар (100% мақта, тегіс, түкті, вафельді). Мұнда қонақ үйлерді, демалыс үйлерін, балабақшалар мен лагерьлерді, мейрамханалар мен дәмханаларды кешенді қамтамасыз етуге арналған тоқыма және тауарлар шығарылады. Комбинаттың барлық өнімі ұлттықжәне халықаралық сапа стандарттарының талаптарына сәйкес сертификатталған.

Жалпы құны 3,8 млрд. теңгені құрайтын «AZALA Textile» жобасы мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Фабриканы іске қосу импорт алмастыру және жаңа жұмыс орындарын ашу сынды мақсаттарды көздеді. Бүгінгі таңда компанияда 650 адам еңбек етеді. Өнімнің жоғары сапасының арқасында комбинат Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі көшбасшыларының бірі болып қана қоймай, Литва, Латвия, Германия, Италия, Польша, сондай-ақ жақын шет елдерге тауар экспорттайды.